Уалбай Утмаханбетұлы Өмірбаев (1960 жылы 7 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылында дүниеге келген) — Қазақстандық математик-алгебраист, физика-математика ғылымдарының докторы.

1973-1977 жылдары Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқыған. 1977-1982 жылдары Новосібір мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің студенті болған. 1982-1985 жылдары Новосібір мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алған. 1986 жылы кандидаттық диссертациясын профессор И.П.Шестаковпен ИМ СО РАН (Новосибирск қаласы) сәтті қорғап шықты. 1995 жылы 01.01.06 — математикалық логика, алгебра және сандар теориясы мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғайды. Бүгінгі күні (2006—2008 жж.) «Көп мүшелік алгебрасы, Пуассон алгебрасы және бос алгебраларды дифференциялдау және автоморфизмдер» атты ғылыми жобаға басшылық етуде.

Еңбек жолын 1986-1989 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары алгебра кафедрасының ассистенті болып бастаған. 1989-1991 жылдары ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, 1991-1995 жылдары доценті атанған. 1995 жылы ғылым докторы дәрежесіне қол жеткізген. 1995-2001 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі информатика кафедрасының меңгерушісі болған. 2001 жылдан бастап ЕҰУ-да алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүр. 2007 жылдан бері Детройттағы Уейн университетінде сабақ береді.

1993-2007 жылдар аралығында Испанияның Овиедо, Канаданың Манитоба, Бразилияның Сан-Паулу, АҚШ-тың Вашингтон, Мичиган, Кливлен, Майами университеттерінде, Францияның Марсель-Люмини атындағы математика орталығында, Германияның Макс Планка атындағы математика институтында дәріс оқыған. 2001 жылы жапон математигі М.Нагатаның, 2004 жылы ағылшын математигі П.Конның есебін шешкен.

Марапаттары

Күні бүгінге дейін талантты жас ғалымдарға арналған және ғылымның дамуына зор үлес қосқаны үшін Мемлекеттік стипендияларына, ҚР «Үздік оқытушысы» грантына ие болып, «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» сондай-ақ «ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. Америка математика қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығы мен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Үйленген, 4 баласы бар.