Тұрғараев Бекет 1947 жылдың 5-маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Шарапхана ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебін, 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында тағлымдамадан өтуші болып бастаған. 1975 жылы облыстық соттың мүшесі, 1987 жылы Шымкент қаласының Дзержинский аудандық халық сотының төрағасы болып сайланды. 1992 жылдың қаңтарында ОҚО сотының төрағасы болып сайланды. 1996 — 1999 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық ақпарат орталығының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Соттар қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры. 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы болып тағайындалды. 2012 жылы Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болды. Қазіргі уақытта Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің мүшесі.

Атқарған жұмыстарының арқасында «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен, «Барыс» төсбелгісімен марапатталған.

Бекет Тұрғараұлы – жоғары білікті заңгер ғана емес, сонымен бірге белсенді қоғамдық қайраткер, халықтың мәдени мұрасын зерттеуші, бірқатар кітаптар мен ғылыми жұмыстардың авторы. Б.Тұрғараевтың демеушілігімен «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» қарсаңында Қазығұрт ауданында «Бабалар рухына тағзым» кешенін салтанатты түрде ашылып, сол мекеннен соғысқа аттанып елге оралмаған 384 боздақтың аты мәрмәр тасқа жазылып, мәңгілік алау оты жағылып, «Ерлер есімі ел есінде» деген 21 метрлік алып монумент тұрғызылды.