Сергей Александрович Терещенко 1951 жылы 30 наурызда Ресей Федерациясы Приморск өлкесі Лесозаводск қаласында дүниеге келген, білімі жоғары, экономика ғылымдарының кандидаты.

1973 жылы Қазақ ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, кейін Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Институтты бітіргеннен кейін Чимкент облысы, Түлкібас ауданы, Куйбышев атындағы колхозында бас инженер болып жолдамамен жұмысқа жолданды. Екі жылдан кейін Түлкібас аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған.

1979 — 1986 жылдары партия органдарында — бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің инспекторы, Чимкент облыстық партия комитетінің хатшысы, 1986 жылы Чимкент облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымдарында қызмет атқарған.

1989 жылдың қараша айынан 1990 жылдың ақпан айына дейін – Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1990 жылдың сәуір айында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1990 жылдың сәуір айынан мамыр айына дейінгі аралықта Қазақ ССР Президенттік Кеңесінің орынбасары.

1990 жылдың мамыр айынан 1991 қазан айына дейінгі аралықта Чимкент облыстық халық депутаттары Кеңесінің  төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1991-1994 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, 1994 жылдың қазан айынан  Халықаралық «Интеграция» қорының президенті, 1998-1999 жылдары «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі қоғамдық штаб» Қоғамдық ұйымының төрағасы, 1999-2002 жылдары — «Отан» республикалық саяси партиясы төрағасының міндетін атқарушы. 2002-2006 жылдары Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

2008 жылдан — «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Абырой» қоғамдық-кеңес беру кеңесінің төрағасы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 11-12-ші шақырылымының депутаты.