Әділ Сасбұқаев   1922 жылы 5 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Шеңкелді ауылында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауылы шаруашылық қызметкері (1980). Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы. Еңбек жолын аудандық сотта хатшы болып бастады. 1942 жылдан бастап Севастополь, Симферополь, Днепропетровск қалаларын, Украина, Польша, Чехословакия жерін азат етуге қатысып, 1, 2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. 1947-1949 жылдары аудандық прокуратурада тергеуші, соңынан ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1949 – 52 жылдары облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі. 1952 – 54 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде оқыды. 1954 – 60 жылдары Шымкент қалалық партия комитетінде үшінші хатшы, Фрунзе, Түркістан партия комитеттерінде екінші хатшы, кеңес атқару комитетінің төрағасы, Созақ партия комитетінің бірінші хатшысы. 1973 – 86 жылдары облысы партия комитетінің екінші, Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық ауылы шаруашылық басқармасының бастығы. «Өткен күннен белгі көп», «Шежірені білу – еліңді құрметтеу» кітаптарының авторы. «Ленин» (1966), «Құрмет белгісі» (1976), «Еңбек Қызыл Ту» (1981), «Парасат» (2003) ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ОК-інің мүшелігіне сайланған. Шымкент, Түркістан қалаларының, Қазығұрт, Созақ аудандарының құрметті азаматы