Сапарбаев Махамбет Баймырзаұлы өзінің еңбек жолын 1949 жылы Сайрам ауданы, Чкалов атындағы ұжымдық шаруашылықта  қарапайым жұмысшы болып бастады. 5 жыл әскери флотта қызмет жасап, елге оралып мектепте, кәсіби-техникалық училищеде жаттықтырушы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Сайрам ауданының дене тәрбиесі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

 Еңбек жолында білім беру және спорт саласында қызмет етті. Спорт түрі күрестен ҚазКСР- ның 5 дүркін чемпионы,  Тынық мұхит флотының және Хабаровск өлкесінің 7 дүркін чемпионы, ҚСРО Қарулы күштерінің чемпионы (1956 жылы), бокстан ҚСРО олимпиадалық құрамасының мүшесі (1956 жылы).

1956 жылдан бері бокстан және еркін күрестен ҚСРО спорт шебері және қазақша күрестен, еркін күрестен, футболдан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы.

Махамбет Баймырзаұлы қазақша күрестен құрама команда жаттықтырушысы болып жұмыс істеген кезінде 14 ҚСРО спорт шеберін, 29 республика чемпионын және 3 ҚСРО қарулы күштерінің чемпионын (Желебовский С., Маков М., Салпағаров М.) даярлап шығарды.

1980- 2008 жыл аралығында  Шымкент қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет істеді.

1983 жылы мектепке жоғары білікті спортшыларды дайындауда қол жеткізген табыстары үшін олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі мәртебесі берілді.

М.Б.Сапарбаевтың тікелей басшылығымен 1987 жылы ОРДБЖМСМ-71 құрама командасы Орта Азия және Қазақстан бойынша  1 орынға ие болып, Тирасполь қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Ал, команда мүшелері Е.Пехлеваниди, В.Смоляков, Ф.Салимов, А.Куклев, И.Якуев, Д.Ляпкин КСРО жастар және олимпиада құрама командаларына шақырылды. Мектеп түлектері облыс өңіріне  футбол спорт түрінен танымал «Қайрат»,  «Жігер», «Скиф-Ордабасы» және басқа да командалардың негізгі ойыншылары болды. Мектептің 467 түлегі Қазақстан, ТМД және  шет ел шеберлер командасында өнер көрсетті.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы футболшыларының дайындық деңгейін жоғарылату, облыс көлемінде дарынды балаларды іріктеу мақсатында 1993 жылы Оңтүстік  Қазақстан облысы әкімдігінің шешімімен мектеп олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің облыстық мектебі болып қайта құрылды. Педагогика ғылымының докторы А.К.Құлназаровтың тексеру қорытындысы бойынша футболдан ОРДБЖМСМ мектебі, оның 27 филиалы, сонымен бірге жаттығушылардың саны 13 мың адамнан асып, республикадағы үлгілі мектептің бірі болып саналды.

28 жылдың ішінде мектеп Қазақстан Республикасының 5300 жеңімпазын, 1482 жүлдегерін дайындады. 10 мәрте Орта Азияның чемпионы атағына ие болды. ОРДБЖМСМ құрама командасы 2001 жылы

1-ші Қазақстан халықтары спартакиадасының қола жүлдесін жеңіп алды. Ал 2002, 2004, 2006, 2008 жылдары  Бүкілқазақстандық мектеп және колледж оқушылары спартакиадасының жеңімпазы атанды.

1996 жылы Қазақстанда алғаш рет ОРДБЖМСМ қыздар бөлімі ашылды. Қыздар құрама командасы Қазақстан бойынша футболдан және футболдан әйелдер арасында өткізілген чемпионаттың күміс жүлдегері, 2-ші Бүкілқазақстандық мектеп және колледж оқушылары спартакиадасының жеңімпазы атанды. Әйелдер арасындағы  Қазақстан Республикасының ұлттық командасы Орта Азияның чемпионы болды, ал оның 13 мүшесі Оңтүстік Қазақстан облысының қыздары еді. Ұстаздың тәрбиелеген шәкірті Лариса Ли облыста 1-ші рет футболдан «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алды.

2003 жылдың қыркүйек айында 1990-1993 жылғы жасөспірімдер үшін төрт мамандандырылған сынып ашылды, Оңтүстік Қазақстан облысының мүгедек, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың 760 баласын қамтыған 38 спорттық сауықтыру топтары құрылды.

Атқарған қызметі барысында М.Б.Сапарбаев өзін сауатты педагог, білікті басшы, тапқыр ұйымдастырушы, талапшыл ретінде көрсете білді. Облыс және ауданның деңгейінде өтетін қоғамдық жұмыстарға белсене араласа отырып, ең бастысы халықтың, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының және Сайрам ауданының Құрметті азаматы болып табылады.

Қазақстан Республикасының балалар мен жасөспірімдер футбол Қауымдастығының президенті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі болып, оның тұрақты комиссиясын басқарады.

Сапарбаев Махамбет Баймырзаұлы еңбек жолында құрметті демалысқа шықты. Ол бүгінгі күнге дейін спорт саласын дамытуда және балаларға тәрбие беруде өз жұмысын жалғастырып келеді. Спортты, соның ішінде балалар футболын өркендетуді мақсат етті. Осы орайда, шығармашылық жұмыспен айналыса келе, «Арпалыс», «Балалар футболының әлемі», «Қазақстандағы балалар футболы», «Шеберлікке жол», «Балалар футболының атасы» атты тәрбиелік мәні мен тағылымы мол кітаптар жазды. Өз өмірі, мектеп өмірі, балалар футболы тақырыбына орасан материал жинап, болашақта мұражай ашуды жоспарлады