Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев 1936 жылы 29 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында дүниеге келген. Актер, театр қайраткері. Қазақ КСР халық артисі (1976). Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994).

Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының лауреаты.

1955 — 1959 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін бітірген.

1960 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: Алғашында негізінен комедия жанрында, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» спектакльдерінде жарқырады. Осы сахнадағы жарты ғасырдан аса шығармашылық өмірінде қазақ және әлем классикасы, қазіргі заман драматургиясынан жүзге тарта сахналық кейіпкер сомдады. Олардың үздіктері қатарында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантық, Н. Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу, Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігітіндегі» Асан, Д. Исабековтің «Тыныштық күзетшісіндегі» Демесін, Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымындағы» Серебряков, т.б. сияқты біріне-бірі ұқсамайтын кесек кейіпкерлер бар.

Көрнекті актердің тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерін дамытудағы еңбегі үлкен. Бұл кезеңде ол жасаған күрделі бейнелер қатарында А.Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамаз» драма-диалогындағы Әбдінәсім шал, Д. Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» Айтөре, Б. Мұқайдың «Өмірзаясындағы» Әли, жан дүние драматизмі күшті кейіпкерлерін жүрегінде заманның дерті бар әлеуметтік тип деңгейіне көтерді.

Марапаттары

Сәбит Қоңырбайұлының ұлттық өнерге сіңірген зор еңбегі бағаланып:

«Қазақ КСРның еңбегі сіңген артисі»

1976 жылы «Қазақ КСРның Халық артисі» құрметті атақтары берілді.

1994 жылы «Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі»

1994 жылы президент жарлығымен «Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанды;

КСРОның «Еңбек Қызыл Ту» орденімен;

1996 жылы «Парасат» орденімен;

2008 жылы ҚР Ең жоғарғы айрықша белгідегі «Отан» орденімен;

2016 жылы 80 жылдық мерей тойы қңында ҚР тұңғыш президенті — елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеке қабылдауында болып, ұлттық театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» құрметті белгісінің иегері.

2016 жылғы Қазақстан Президеентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері.

2016 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталды