Оразалы Омаров 1946 жылы 4 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Алматы зоотехникалық ветеринарлық институтын тамамдаған.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Біраз жыл мамандығы бойынша жұмыс атқарып, Сайрам ауданы «Қайнарбұлақ» совхозына парторг қызметіне сайланып, 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетіне нұсқаушы қызметінде сол кездегі обкомның бірінші хатшысы А. Асқаровтың қол астында жұмыс атқарған. 1985 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқарма бастығының бірінші лауазымына, 1986-1990 жылдары «Қайнарбұлақ» совхозына директор қызметіне тағайындалды. Сол жылдары совхоздын экономикасы алға өрлеп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, шаруашылық облыс, республика көлемінде елеулі жұмыстармен көзге түсті. Одан кейін Сайрам ауданы партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 1993-1998 жылдар арасында Ордабасы ауданының әкімі қызметіне тағайындалып, сол қиын-қыстау жылдары экономикасын көтеруде, әлеуметтік мәселелерді шешуде табындылықпен еңбек етті. Сол жылдары ауданда қазақтың атақты палуаны Қажымұқанның 120 жылға толуы, атақты ғалым Б. Кенжебаевтың 90 жылдық мерекелері ұйымдастырылды. Нұралы ақынның мерей тойы жіне тағы басқа республика көлеміндегі мерекелік шаралар өтті. Сонымен қатар, ауданға КСРО Президенті М.С. Горбачев, Қазақстан Республикасынын Президенті Н.Ә.Назарбаев, халықтың біртуар азаматы Д.А.Қонаев ат басын бұрып аудан жетістіктерін бағалап қайтты. Сол жылдары жемісті қызметі үшін еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкер атағы берілді. Бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестерге депутат болып сайланып, облыс, аудан мақтау грамоталарымен марапатталды. 1998 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығының орынбасары, облыс Әкімінің кеңесшісі, облыс төтенше жағдайлары, азаматтық қорғаныс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасында тың және тыңайған жерлерді игергеніне 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдармен марапатталған.

Сайрам және Ордабасы аудандарының Құрметті азаматы