C:\Users\Маслихат\Desktop\ҚА\Құрметті азаматтар окончательный\78. Мәуленқұлов Жеңісбек.jpg

Жеңісбек Мәуленқұлов 1947 жылы 8 мамырда Оңтүстік Қазақстан (Шымкент) облысы, Түлкібас ауданының Жаскешу (Корниловка) ауылында туған. Әкесі Жолымбеков Мәуленқұл, анасы Қызбала колхозшы болған.

1965 жылы Түлкібас ауданы Абай атындағы орта мектепті бітірді. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша 1970 жылы, Алматы жоғары партия мектебін 1986 жылы бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

1970-1972 жылдары әскер қатарында қызмет атқарған.

1972-1980 жылдары Бөген аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға аграном, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі болып істеді. 1980-1990 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бірінші хатшысының көмекшісі, қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1990-1995 жылдары облыстық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық кеңестің іс басқарушысы, 1995-1998 жылдары Түлкібас ауданының әкімі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, қаржылық- шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болған.

1999-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек, халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы қызметін атқарды.

2010 жылғы маусым айынан Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде.

Ж.Мәуленқұлов оңтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, ардақты аналарға, ардагерлерге, әлеуметтік қолдауға зәру жандарға қамқорлық жасап келеді. Ол өз ісіне адал, іскер азамат ретінде көптеген марапаттарға ие болған.

«Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерең еңбегі үшін» медалімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен және басқа да бірнеше медальдармен марапатталды.

2010 жылы Қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек» сыйлық жүлдегері, Халық таңдауы «Алтын қыран» халықтық сапа белгісінің иегері атанған. Оңтүстік Қазақстан облысының, Ордабасы, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы.

Облыстық ардагерлер кеңесін басқарған уақыттың аралығында Ж.Мәуленқұлов ұрпақ сабақтастығын дамыту мақсатында біршама шаруалар атқарды. Әсіресе, облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жарық көрген «Қыдыр қыдырған күн», «Батамен бағың ашылсын», «Ғұмырдария», «Ерлік – елге мұра» атты кітаптар арқылы қазақ әдебиетінің алтын қорына үлкен рухани үлес қосты.