Мекемтас Мырзахметұлы — 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген.

Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін тәмамдаған. ҚазССР Оқу министрлігінің жолдамасымен Өзбекстандағы қазақ мектептерінде оқытушылық қызметін атқарады. 1957 жылдан бастап Ташкенттің Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы, 1961-1964 жылдар арасында ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын бітіріп, 1965 жылы академик Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Еңбек жолы

1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1964, жылы оның аспирантурасын бітірген. 1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор, 1969–1975 жылдары ҚазПИ-де доцент, 1975–1991 жылдары Қазақстан Ғ.А Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1991–2000 жылдары арасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі‚ Иасауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зертттеу орталығының директоры, 2002–2003 жылы Түркітану ғылыми-зертттеу институтының директоры қызметтерінде болды. 2000 жылдан М.Х. Дулат атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және “Түркі халықтары әдебиетінің тарихы” ғылыми-зертттеу орталығының директоры, “Бауыржантану” ғылыми-зертттеу орталығының бас ғылыми қызметкері.

Мемлекеттік марапаттары

1996 жылы Елбасының жарлығымен ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығымен, 2001 жылы «Құрмет» орденімен наградталған, 2003 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты атағы берілген,  Бауыржан Момышұлының атындағы «Құрмет белгісі» орденімен,   «Парасат» орденімен, 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалімен, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталған