https://www.inform.kz/fotoarticles/20161125194442.jpg

Жұрынов Мұрат 07.12. 1941 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында, ғалым, химия ғылымдарының докторы (1981), профессор (1981), Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (1994).

Қазақ химия-технологиялық институтын (1964) және Мәскеу химия-технология институтының аспирантурасын (1970) бітірген.1965 – 1982 жылдары Қазақ химия технологиялық институтында оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан,1982 – 1985 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 1985 – 1991 ж. Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, 1991 – 1995 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры болды. 1995 – 1997 жылдары Қазақстан Республикасының білім министрі, 1997 – 2001 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті қызметтерін атқарды. 2001 жылдан Органикалық катализ және электрхимия институтының директоры.

Негізгі ғылыми жұмыстарының бағыты – табиғи қосылыстардан биологиялық активті заттарды электрмен синтездеп алу. Жұрыновтың ғылыми зерттеулері органикалық қосылыстардың әр түрлі кластарының электрхимиялық қасиеттеріне және электрхимиялық синтездің жаңа әдістерін жасауға, дәрі-дәрмектер мен бұрын белгісіз физиологиялық активті қосылыстарды алуға арналған. Ол фосфор өндірісінің қатты және сұйық қалдықтарын (феррофосформен [фосфор шламдары) электрхимиялық жолмен қайта өңдеу, әр түрлі металл фосфидтерін электрхимиялық жолмен алу, табиғи дәрілік заттарды өсімдіктерденэлектрхимиялық тәсілмен экстракциялау бағытында нәтижелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көптеген алкалоидтер негізінде ерекше электрхимиялық әдіспен дәрі-дәрмектер (опиан қышқылы, котарнин, пахикарпин, тағы да басқа) мен жаңа фармакологиялық активті заттарды синтездеу жолдарын зерттеді. Жұрыновтың шәкірті А.Б. Баешовпен бірге ұсақ кристалды (ультрадисперсті) мыс ұнтағын алудың тиімді электрхимиялық әдісін ұсынды.