http://zhuldyz.kz/files/zhastar/articles/230.gif

Дербісәлі Шейх Әбсаттар қажы Бағысбайұлы 15 қыркүйек 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы. Филология ғылымдарының докторы.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. 1970 — 1975 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын оқыды. 1975 — 1976 жылдары Марокко корольдігі, 1985-1986 жылдары Тунис Араб республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті. 1976 — 1977 жылдары ҚР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі. 1986 — 1988 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының докторанты.1989 жылы Шығыстану факультетінің деканы. 1991 — 1997 жылдары Тілдер және Халықаралық байланыстар жөніндегі проректор. 1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі. 2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының III және IV Кұрылтай жиынында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007 жылы Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 жылдың тамызында Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 ж. сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV — V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.

ҚР халыққа білім беру министрлігі жанындағы шығыстанушылардың оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, КСРО Шығыстанушылар Ассоциациясы Қазақ бөлімінің бюро мүшесі, КСРО Ғылым Академиясы Шығыс әдебиетін үйлестіру кеңесінің, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің, ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі. Қазақтың шет елдермен достық қоғамы Қазақ-Араб бөлімі төрағасы болды. КСРО Халыққа білім беру мемлекеттік комитетінің Құрмет Грамотасымен (1984) марапатталған. ҚазМУ-дің әл-Фараби атын алуына үлкен еңбек сіңірді, Республикамыздың мемлекеттік 10 университетерінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» Ғылым Академиясының (Каир) академигі.

Ә.Дербісәлі республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.

Ол алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де араб бөлімі мен Шығыс тілдер кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және тұңғыш деканы болды. Оның басшылығымен республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылып, кафедралары ұйымдастырылды. Сөйтіп, республика өте зәру шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене ат салысты. Дербісәлі қаламынан араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шәріптері туралы 600-ден аса теор. және практик. мәні бар ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер туған. Арабтілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шықты. Ол тек КСРО ғана емес, сол елдің өзінде де жазылған жоқ еді. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі мен ондағы құлпытастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде туындатқан, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың X-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһанад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Таразилер, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи және т.б. барлығы 100-ге жуық Ғылым Академиясылымдары мен ойшылдарын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізді. Олар жайлы шығыстану және филология факультеттерінде дәрістер оқыды. Студенттер мен магистрлердің диплом жұмыстарына басшылық етті. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуде де соны қадамдар жасады. Қашғария (1994), Пәкістан (1995), Үндістанға (1998) арнайы барып, Кашмир өлкесінен ғалымның зиратын тапты. Құлпытасының эпитафиясын шешті. Берлин және Қашғар қолжазбасы бойынша ғұламаның «Жаһаннаме» атты поэмасын шағатай тілінен тәржімалап жариялады (Алматы, «Білім» 2006). Ол жайлы бірқатар зерттеу жасады.

Ә.Дербісәлі Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін 2002 ж. Египет Араб республикасының 1-дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен, Қазақстан ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін 2004 жылы «Парасат» орденімен және 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарымен және 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталды, 2005 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық мәслихатының шешімімен «Түлкібас ауданының құрметті азаматы» және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының шешімімен «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атақтары берілді. Ол Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымағы, діндераралық түсіністік пен сыйластықты арттыруда да игілікті істер атқарып келеді.