C:\Users\Маслихат\Desktop\Құрметті азаматтар окончательный\60. Абдуллаев Қалық.jpg

Қалық Абдуллаұлы Абдуллаев 1942 жылы 28 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір ауданындағы (қазіргі Төле би ауданы) Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1958-1963 жылдары Ташкент политехникалық институтын (инженер-электрик мамандығы бойынша), ал 1985-1987 жылдары Мәскеу қаласындағы КОКП ОК Қоғамдық ғылымдар Академиясын, 1986-1987 жылдары Мәскеу қаласындағы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын тәмамдады.

Еңбек жолын «Южказэнергоның» аудандық басқармасындағы инженер қызметінен бастады. 1969 жылы Республика энергетика министрлігінің аппаратына жаңадан ұйымдастырылған диспетчерлік бірлестік басқармасына энергетикалық тәртіп қызметінің бастығы қызметіне жіберілді. 1974 жылы «Южказэнерго» аймақтық басқармасына бас инженер, кейін басқарма бастығы қызметтерін атқарып талап қойғыш, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы, білікті маман ретінде танылды. 1982 жылы Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды. 1986-1992 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы қызметтерін лайықты атқарды. Осы жылдары ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық Агенттік төрағасы лауазымында Қазақстанға шетелдерден инвестициялар тартудың алғашқы тәжірибелерінің негізін қалады. 1992 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстандық іскер ынтымақтастық орталығы «Атакент» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы болды. 1995 жылы Қ. Абдуллаевтың іскерлік мол тәжірибесі ескеріліп Республика Президентінің арнайы жарлығымен құрылған ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды. 1996-1997 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. 1997-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды. 2000 жылдан бері өзі құрған «Атакент» акционерлік қоғамы Директорлар Кеңесінің төрағасы болып келеді. Сондай-ақ, 2005 жылдан бері «Академик Ш. Шокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы міндетін қоса атқарады. Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік Академиясының және Халықаралық Инженерлік Академиясының академигі.

1981 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Қалық Абдуллаев Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық Халық депутаттары Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.