Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді 7 Мамыр – Отан қорғаушы, 9 Мамыр – Жеңіс күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мерекелер еліміздің өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, Ұлы Жеңістің жемістерін, Отанға деген сүйіспеншілік пен даңқты ерлік дәстүрлерін, бостандық пен бейбітшілікті паш етеді.

Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір аса қиын уақытта Отан үшін от кешкен майдангерлерімізге көрсеткен өшпес ерлігі, қаһармандығы, бүгінгі тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрған мамыражай заманға жеткізгені үшін біз қашан да басымызды иіп тағзым етеміз.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Отан қорғаушылар күнінің салтанатпен аталып өтілуі ұрпақтар сабақтастығының белгісі деп білеміз.

Аға буын – ардагерлеріміздің танытқан қайсарлығы мен жанқиярлығы өскелең ұрпақ үшін Отанымызды қорғауда қашан да үлгі болып қала бермек.

Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.

Қадірлі ардагерлер! Құрметті жерлестер!

Осынау мән-маңызы терең айтулы мерекелер қарсаңында өздеріңізге зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілей отырып, ел Тәуелсіздігінің тұғыры берік, еңсесі биік болсын дегім келеді!

Ізгі ниетпен,

Түркістан облыстық

мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев