Түркістан облыстық мәслихаты: тарих белестері және жарқын жеңістер

Қайрат Балабиев,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

Алла алқалап, тағдырдың маңдайға жазуымен, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз мемлекетке айналды. Бұл ауызбен айтуға ғана оңай. Алтай мен Атыраудың арасын толтырған елі мен ұланғайыр жері бар қазақтың тәуелсіздік алғанға дейінгі құқайын бүгінгі азат ұрпақ көп біле бермегенімен аға буын ешқашан ұмытпайды.

Ұлы Қазан төңкерісінің алдында өткен санақ нәтижесі бойынша қазақтың дарабоз ұлы, алаш саңлағы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «Әлхамдулла, біз қазақ 6 миллион болдық» деп толғанған екен. Басқасы басқа, көрші қоңсымыз өзбек халқының саны сол кезде қазақтардан екі есе кем болған. Белгілі демограф Махаш Тәтімов басынан соры арылмаған қазақ небір нәуметтерден қырылып қалмағанда біз бүгіндері 45-60 млн. халық болар едік дегенді айтады. Салыстырмалы түрде айтайық, түбі бір бауырымыз, патша үкіметінің санағында қазақтан екі есе кем болған өзбек жұрағаты осы күндері отыз миллионға аяқ басты.

Базбіреулер Тәуелсіздік алуымызды тіптен де оңай көреді. Өз аяғымен келді деп қателеседі. Тәуелсіздік — қазақ атауын алған халқымыздың өмір-бойғы арманы еді. Барлық хан, би, батыр-бағландарымыздың сақалына шіркей ұялап, азаттық үшін ат үстінен түспегенін кәрі тарих біледі.

Тәуелсіздік бақыт, ал оны баянды ұстап тұру – халықтың намысы, елдіктің белгісі.

Азуын айға білеген АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш КСРО тарап, тәуелсіз мемлекеттер өз алдына шаңырақ көтере бастағанда журналистердің «Осы жас мемлекеттер басшыларының ішінде кім сенімді басшы бола алады?» деген сауалына: «Назарбаев. Ол болашақты алдын ала болжай алады» деп жауап берген екен.

Қазақстанымыздың, ардақты Отанымыздың бүгінгі Жер атты планетада қандай орын алатынын мен айтпасам да сіздер білесіздер. Біз бұл биіктерге елмен ұдайы бірге Елбасының сарабдал саясатының арқасында жеттік. Тәуелсіз мемлекеттің керегесі кең, уығы тік, шаңырағы мықты болуы үшін түрлі мемлекеттік құрылымдар жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақстан Парламенті, облыстық, аудандық денгейдегі мәслихаттардың орны ерек.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі халық болып табылады. Қоғамды демократияландыру процесінде халықтық биліктің негізгі формалары ретінде жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына маңызды роль беріледі.

Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны жүзеге асыруға қажетті шараларды айқындайтын, сондай-ақ олардың жүзеге асуын бақылайтын жергілікті өкілді орган.

Өз қызметінде мәслихат жалпы мемлекеттік сыртқы және ішкі, қаржылық және инвестициялық саясатқа сәйкес келмейтін шешімдер қабылдауға жол бермейді. Қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленген жалпы мемлекеттік стандарттарды ұстанады, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Мәслихат өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңнамасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті мен Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ мәслихат жұмысының регламентіне сәйкес жүзеге асырады.

Биыл кешегі Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі Түркістан облыстық мәслихатының құрылғанының айтулы мерейтойы есік қағып тұр. Осыған байланысты елдік тарихымыздың жарқын беттеріне оралсақ деймін. Бұл облыстық мәслихаттың алтын дәуірінен толық хабар береді десеңіздер де болады.

1993 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қоғамды демократияландыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл Заң елдегі жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдар құзыретін, оларды құру және қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындап берді. Осы Заңға сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен атауы, қызметінің мән-мазмұны, құзыреті өзгерді. Жергілікті атқарушы органдар иерархиялық бағыныстылық тәртібімен біртұтас атқарушы органдар жүйесін құрай отырып, жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы болса, Мәслихаттар-Депутаттар жиналысы халықтың атынан өкілдік ететін жергілікті мемлекеттік басқарудың ұйымдық-құқықтық тұрғыдан дербес институты болып белгіленді.

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі осындай қайта құрулардың нәтижесі ретінде 1994 жылғы 7 наурызда тұңғыш рет еліміздің жергілікті өкілді органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді. Түркістан облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысының депутаттарын сайлау үшін облыс бойынша 977389 азамат тіркеліп, олардың 783771-іне бюллетень берілді. Сайлауда 783671 адам дауыс берді, ол сайлаушылардың жалпы санының 80,2 пайызы еді. Сайлаудың қорытындысы бойынша 47 сайлау округінен алдын ала тіркелген 130 кандидаттан 47 адам депутат болып сайланды. Оның ішінде 38 қазақ, 4 өзбек, 3 орыс және 2 украиндық. Бұл таңдаулы топ мүшелерінің мамандығы да, оларды ұсынған ұжымдардың құрамы да әртүрлі еді. Оған қоса, бұл сайлауларда аудандық мәслихаттарға – 358 депутат, қалалық мәслихаттарға 109 депутат сайланды.

Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихаты-Депутаттар жиналысының алғашқы сессиясы 1994 жылғы 29 наурызда өтті. Бұл күн Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Түркістан облыстық мәслихаты жылнамасының жаңа парақшаларын ашып берді. Бірінші сессияға облыс әкімі Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков және оның орынбасарлары, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық және аудандық әкімшіліктердің әкімдері, облыстық ұйымдардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының хатшылығына Қуанышбек Көлбайұлы Бөлтаев сайланды.

Бірінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының бірінші сессиясында бюджет, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, мемлекеттік-құқық мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау жөніндегі тұрақты комиссия, әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, депутат өкілеттілігі және депутат этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия және тексеру комиссиясы құрылды.

Бірінші шақырылымның (1994–1999 жж.) депутаттары үшін бірінші кезекте тұрғындарды әлеуметтік қорғау, мұқтаж адамдарға: зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектерге, материалдық жағдайы төмен адамдарға адрестік көмек беру мәселелері тұрды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кез келген мәселені талқылау барысында ең алдымен тұрғындардың барлық топтарының мүдделерін ескерді.

Бірінші шақырылымдағы облыстық мәслихат – депутаттар жиналысының бюджетті дамыту, экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Орынбай Рахманбердиев сайланды. Мемлекеттік-құқық мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы – Мұрат Жұрынов, әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы – Кирюхин Юрий Георгиевич, депутат өкілеттілігі мен депутат этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы – Байдәулетов Иманәлі Оспанұлы, тексеру комиссиясының төрағасы – Добрица Павел Гаврилович болды.

Бірінші сессияны жүргізген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әмірсейіт Әлиев облыстық мәслихаттың сайланған депутаттарына арнап былай деп сөз сөйледі: «Құрметті халық қалаулылары, елдің игілігі үшін берік шешім қабылдаған және біздің мемлекетіміздегі тыныштық пен игілікті сақтау жолына түскен азаматтар, сіздер өз қолдарыңызға алған шаруа – жаңа, жауапты және тарихи іс. Бұған дейін бізге де, біздің ата-бабамызға да ешқашан кәсіби Парламентпен және мәслихатпен істес болу бұйырмады. Енді кәсіби Парламентті және депутаттар жиыны – мәслихатты құру мен қалыптастыру, сондай-ақ оның ырғақты дамуы мен тиімді қызметіне қол жеткізу бақыты сіздерге бұйырып тұр. Сіздерге тәуелсіз, егеменді мемлекеттің еркін дамуына жарқын жол ашатын жаңа кезеңдер мен құбылыстардың бастамашысы және көшбасшысы болу құрметі тиді…» деген еді.

Міне, сол тарихи оқиғалардан бері де табаны күректей 25 жыл өтті. Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік сайлаушыларының аманатына берік, адал болды. Қал-қадірлерінше ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне жәрдемдесті.

Облыстың жергілікті өкілді органдарында оның бірінші шақырылымынан бастап бүгінгі таңға дейін 3592 сессия өткізіліп, облыстық мәслихат депутаты ретінде – 313 адам, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты ретінде 1620 адам жұмыс істеді.

Бүгінгі таңда облыстық және 16 аудан, қала мәслихаттары жұмыс істеуде. Депутаттық корпус 289 адамды құрайды, оның ішінде 15-і – әйел депутаттар.

Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мерзім болғанымен, еліміз осы кезең ішінде талай белестерді бағындыра білді. Ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің ауыз толтырып айтарлық жарқын жеңістерінде жергілікті өкілді органдардың да қосқан үлесі зор. Аймақтың 1991 жылдан бергі жағдайын таразыға салып, сараптама жасап көрейік.

Бәрімізге белгілі, егемендік алған 90-жылдары ел экономикасы тұралап, тығырықққа тіреліп тұрған кез болатын. Барлық өңірлермен қатар Оңтүстік Қазақстан да ауыр сәттерді бастан кешірді. Бұл электр энергиясы, газ, ауыз су, жылу берілместен, халықты әбден қажытқан жылдар еді. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджеті 379,9 млн. теңгені құраған болса, 25 жылда ол 565,1 млрд. теңгеге жетті. 1993 жылғы облыстың бюджетінде әлеуметтік салаға 220,9 млн. теңге көзделген болса,   25 жылда ол 341,2 млрд.теңгені құрады.

Тәуелсіз 25 жыл ішінде еліміз жедел қарқынмен дамып, әлемдік экономикалық аренада өзін танытып, мойындата білді.

Бұл ширек ғасыр ішінде ғана қол жеткізілген жетістіктерді 2018-2019 жылдар межесімен есептейтін болсақ, тағы да көңіл тоғайтатын өсімдер алдымыздан шығады.

2018 жылдың қортындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 1103,9 млрд. теңге сомасында қалыптасты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,9 процентке артық.

Ал, өнеркәсіп өнімі 453,8 млрд. теңгеге жетті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 48,1 млрд. теңгеге көбейгендігі дамудың жаңа деңгейінде келе жатқандығымызды аңғартады.

Елбасымыздың шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударып отырғандығы бәрімізге белгілі. Осы ретте Түркістан облысында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 130 804 бірлікке жетіп, республика бойынша екінші орында келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 288,1 млрд. теңгеге жетті. Осы мақсатта құрылған «Turkistan Invest» компаниясы инвестициялық әлеуетті ұлғайтуда табысты жұмыс жасап жатыр.

Облыста мемлекеттік қолдау бағдарламалары жақсы қарқын алды.

Халық қалаулыларының сайлаушыларына және мемлекетке қалай еңбек сіңіргенін аға буын мен бүгінгі буын арасынан марқұм ағамыз Манап Өтебаев пен алаштың ардақтысы Серікжан Сейітжановтардың атқарған қызметі арқылы аңғаруға болады.

Манап Өтебаевтың тікелей ұйымдастыруымен 1976 жылы техникум жанынан құрылған «Мелиоратор» футбол командасы КСРО-ның                               ІІ лигасында ойнап, еліміздің намысын қорғады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, сол жылдары үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған кезде, Манап Өтебаев Шымкенттегі Орталық стадионды колледждің балансына алып, халық игілігі үшін сақтап қалып, спорт саласына қамқорлық жасағанын облыс халқы әлі ұмыта қойған жоқ.

Манап аға екі мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып, облыс тұрғындары мен сайлаушыларының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде де бар күш-жігерін жұмсады.

Манап Өтебаевтың меценаттығы, оқу орынының басшысы және азамат ретінде жасаған қайырымдылық іс-шаралары оның өмірінде ерекше орын алды. Колледж ұжымының қамқорлығында облыстың 5 бірдей балалар үйі болды. Манап Өтебаев осы балалар үйінің тәрбиеленуші жастары болашақта мамандық алу үшін колледжде оқуына барынша мүмкіндік жасады. Ол өзінің жеке қаржысы есебінен №3 балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ұл балаларға жыл сайын сүндет тойын өткізіп отырды. Сонымен қатар, 7 жетім баланың өкіл әкесі атанып, осы балалардың барлығына да банктен жеке есепшот ашып беріп, өз қаржысымен ақша аударып отырды.

Манап Өтебаев еліміздегі түрлі қайырымдылық іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде бүкіл республикаға кеңінен танылды. Оның еңбегі 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланып, осы Халықаралық ұйымның «Алтын медалімен» марапатталды.

Ал, биылғы жылдың ең үздік кәсіпкері атанған Серікжан Сейітжановтың өнегелі істерін Елбасымыздың өзі үлгі ретінде кәсіпкерлерге үнемі айтып отырады.

1964 жылы еңбек жолын бүгінгі Отырар, кешегі Қызылқұм ауданындағы Шілік кеңшарында тракторшы болып бастаған Секең, Серікжан ағамыз адам баласы жанын аямай еңбектенсе, білім іздесе алмайтын асуы жоқ екендігін іс жүзінде дәлелдеген жан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан ел қиналып, бюджеттің аз қаржысы етектен тартса басқа жетпей жатқан уақыттары Серікжан Сейітжанов Шілік ауылына керіскедей етіп мектеп салып берді. Мешіт салып берді. Қазақтың азаттығы үшін жанын аямаған аяулы ұлдарына ескерткіш көтерді.

Өз сайлаушыларының аманатынан бөлек, өз қаржысына ол көтерген балабақша, мектеп, спорт алаңшаларын санап беруге он саусақ аздық етеді. Елге еңбегі сіңген азаматтарымызды әрі қарай жүлгелесек олардың қатары әрине, көп. Мерейтой қарсаңында олардың бірпарасының аты-жөнін атағанымыз артық емес деп ойлаймын.

Мәселен, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына Серікжан Сейітжановтан бөлек, Әбілқасым Досболов, Рахым Тәңірбергенов, Дулат Әбіш, Сәду Бекенов, Өмірзақ Мелдеханов, Лесбек Ташимов, Қайрат Сапарбаев, Талғат Баймаханов, Шәріпбек Жамалбеков сынды халық қалаулылары жақсы еңбек сіңірді.

Ал, жол, көпір салу және әлеуметтік нысандар бағдарламаларына Рәшкүл Оспанәлиева, Қайрат Молдасейітов сияқты депутаттарымыз белсенді әрекет етсе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын іске асыруда Дәурен Ахметов, Жаңабай Ағабеков, Мұрат Төлтебаев, Бекасыл Төлендиев, Алмас Сәлімов, Әсет Қайыпбековтер қолдау көрсетті.

Қазақстан – аграрлы ел. Елбасы агрокешендерді дамытуды еліміздің үлкен болашағы ретінде қарастырып отыр. Мемлекет Басшысының идеяларын іс жүзінде жүзеге асыруға Нұрәлі Әбішев, Нұржан Әшіров, Бақытжан Серманизов және Үмбет Жүсіпбаев сынды азаматтарымыздың атсалысып отырғандығын айтқан жөн.

Жуырда облыс әкімінің бастамасымен және облыстық мәслихаттың жас бизнесмен депутаттары М.Төлтебаевтың, Ә.Қайыпбековтің, Қ.Сүлейменовтің және Ж.Ағабековтің қолдауымен 7 бала тәрбиелеп отырған ана, Мемлекет Басшысының қатысуымен Астана қаласында өткен Жастар форумының қатысушысы Жазира Тұрғыноваға Төлеби ауданының Ленгер қаласынан                   4 бөлмелі жер учаскесі бар үй сатып алып берілді.

Оның сыртында аты аталмай қалған барлық халық қалаулыларының өз сайлау округтарындағы тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқандығын мақтанышпен айтуға болатын жағдай деп сипаттауға болады.

«Қайырымды істің қайырымы мол» дегендей, 2017 жылы облыстық мәслихат депутаттары Елордамыз – Астанада өткен  «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін тамашалау үшін 68 млн. теңгеден астам жеке қаражаттарына 17 мың билет сатып алып, оларды өз сайлау учаскелерінде ардагерлерге, мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін таратып, Астана қаласына  барып келуін қамтамасыз етті.

Халқымызда «елде болса ерінге тиеді» деген аталы сөз бар. Осы қисынға салсақ, өз табан ақы, маңдай терімен биіктерге жеткен азаматтарымыздың бүгінгі өмірінен Қазақстанның бүгінгі деңгейі айқын көрінетінін атап көрсеткен орынды болар еді.

Яғни, облыста халық сайлаған депутаттардың ешқайсысы да елге қиын жағдайларда сыртта қалған жоқ.

25 жыл бойы халықпен бірге және халық үшін жұмыс істеп келе жатқан мәслихаттар институты тәуелсіз Қазақстанның тарихын «жасады» және Түркістан облыстық мәслихатының халық қалаулылары да дәстүрлі сабақтастық қағидатымен бүгінгі өңір тарихын «жасауда». 2018 жылғы                      5 маусымда облыстық мәслихат Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызу және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы Үкіметке ұсыныстар енгізу жөнінен тарихи шешім қабылдады.

Нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы 19 маусымда №702 Жарлыққа қол қойды. Аталған Жарлыққа сәйкес Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласына көшірілді, ал Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді.

Облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 20 ақпанда өткен сессиясында Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын екіге бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсыныс енгізу жөнінде №20/237-VІ шешім қабылданып, бірқатар жұмыстар жүргізілді.

Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы №698 Жарлығы қабылданып, әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кенті болатын Мақтаарал ауданы, сонымен қатар әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласы болатын Сарыағаш ауданы және әкімшілік орталығы Абай ауылы болатын Келес ауданы құрылды.

Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысындағы осындай өзгерістер өңірді тиімді мемлекеттік басқару мен қарқынды дамыту тұрғысында қабылданған маңызы зор тарихи шешім болды деп нық сеніммен айта аламыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекет басшысы: «Біз бір ұлтпыз! Біз бір халықпыз! Бір елміз! Осыны сақтап қалсақ он жылдан кейін Қазақстан бүгінгі қиыншылықтың бәрінен арылып, жыл сайын алға адымдап басатын жолға түседі», – деген еді. Осы оймақтай ой уақыт өте өмір шындығына айналды. Елбасы депутаттар хақында:

«Мен депутаттардың қашанда тарихи оқиғалар биігінен көріне алатына сенемін. Меніңше, Сіздер жергілікті атқару органдарымен тығыз байланыста, заң актілеріне сәйкес «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қажеттінің бәрін жасай аласыздар. Бір нәрсені ұмытпау керек: бірліксіз молшылық, келісімсіз бақыт болмайды. Біздің басты байлығымыз – халықтың бірлігін сақтап, жоғарғы мақсаттарға қарай ұмтылу. Бұл мақсаттарға жету үшін сіздер заңдық негіздер жасайсыздар. Мен сіздердің халық қалаулысы деген биік те мәртебелі атаққа лайықты болатындарыңызға сенемін. Қазақстанды дамыту жолында дұрыс шешімдер қабылдауда табыс тілеймін» деді.

Мемлекет Басшысының сенімі бәрімізді қанаттандырады. Ел ішін ала тайдай бүлдіруге тырысатындар әлемдегі барша мемлекеттерден табылады. Оған дер кезінде тоқтам жасау керек. Отанымыз бүгінгіден де қуатты, тұғыры биік мемлекет болуы үшін барлығымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз маңызды болмақ. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын.