Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Р.Балабиевтің Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңестің 2019 жылғы 22 сәуірдегі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының іске асырылу барысы жөніндегі отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Қадірлі депутаттар!

Түркістан облысында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының жергілікті өкілді органдарда іске асырылу барысы туралы баяндауға рұқсат етіңіздер!

Қазақстан Елбасының байыпты басшылығымен экономикада және қоғамдық-саяси салада ауқымды реформалар жүргізіп келе жатқан мемлекет ретінде халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болды. Әлем бізді бейбітшілікті жақтаушы, ұлттың рухын жаңғыртуға ұмтылған, бірлігі берік ел ретінде таниды.

Тәуелсіз мемлекеттің керегесі кең, уығы тік, шаңырағы мықты болуы үшін түрлі мемлекеттік құрылымдар бірлесіп жұмыс істейді. Соның ішінде Парламенттің, облыстық, қалалық, аудандық денгейдегі мәслихаттардың орны ерекше.

Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін жергілікті өкілді орган.

Мәслихат өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырады.

Бұл Заң елдегі жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдар құзыретін, оларды құру және қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындап берді.

Осы тұрғыда еліміздің қазіргі жеткен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін ескере отырып, елімізді одан әрі нығайту және демократияны дамыту бағытында жергілікті мәслихаттардың өкілеттігін біршама кеңейту, қосымша құзіреттер беру мәселесі туындап отыр.

Елбасымыздың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 97-ші қадамы «Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту» мақсатында бұл ұсыныстар қазіргі уақытта маңызды әрі қажетті деп санаймын.

Біріншіден, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес «Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны жүзеге асыруға қажетті шараларды айқындайтын, сондай-ақ олардың жүзеге асуын бақылайтын жергілікті өкілді орган» деп атап көрсетілген.

Осыған орай, қазіргі таңда мәслихат қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылау функциясын күшейтуді ұсынамын.

Ол үшін облыстық «Тексеру комиссияларын» мәслихат жанынан құрып, тікелей мәслихатқа бағынысты тексеруші орган ретінде танылуы қажет.

Мәслихат бекіткен жергілікті бюджет қаржысының мақсатты игерілуі, уақытылы, дұрыс пайдаланылуын жергілікті халықтың тікелей өкілі – депутаттардың бақылау мүмкіндігі болады.

Ал, қазіргі заңнамаларға сәйкес тексеру комиссиялары дербес тексеруші орган болып табылады.

Мәслихат өз құзырына сәйкес тек тексеру комиссиясының төрағасын республикалық Есеп комитетінің ұсынысы бойынша және төрт мүшесін тексеру комиссиясы төрағасының ұсынысы бойынша 5 жыл мерзімге тағайындайды, қызметінен босатады.

Егер мәслихат жанынан тұрақты комиссия ретінде құрылып, төрағасы, мүшелері мәслихат депутаттарының ішінен сайланған лауазымды тұлғалар басқарса және мәслихатқа бағынысты тікелей есеп беретін болса, бақылау мүмкіндігіне ие болатын еді.

Аталған мәселені ескере келе, тексеру комиссияларының функцияларын жергілікті мәслихаттарға беруді ұсынамын.

Екіншіден, жергілікті елді мекендерде туындаған тұрғындардың кезек күттірмейтін әлеуметтік мұқтаждықтарын, адам өміріне, денсаулығына, тұрмысына қатысты өзекті мәселелерді жергілікті жерде шұғыл шешу мақсатында әр мәслихат депутатына бюджеттен кішігірім қаржы бөлінсе.

Біріншіден, туындаған әлеуметтік мәселе ушықпай жергілікті деңгейде шұғыл шешіледі;

Екіншіден, бюрократиялық кедергілерді жояды, қағазбастылықтан құтыламыз;

Үшіншіден, сайлаушылардың депутаттарға деген сенімі нығаяды.

Осы орайда айта кететін мәселе, қазіргі уақытта өзекті мәселенің біріне айналған халықты әлеуметтік қолдау біздің өңірдің депутаттарының назарынан тыс қалған емес.

Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік сайлаушыларының аманатына берік, адал. Қал-қадірлерінше ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне өз қаржылары есебінен жәрдемдесуде, өз сайлау округтарындағы тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетуде.

Мұндай игілікті істер әлі де жалғасын таба беретін болады.

Үшіншіден, қолданыстағы заңнамаларға байланысты жергілікті мәслихаттардың келісімімен тиісті өңірдің әкімдерін тағайындайды.

Осы тәртіппен жергілікті деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшыларын (сот төрағасы, прокурор, полиция басшысы) тағайындауда жергілікті мәслихаттардың келісімдері алынса.

Сонда, депутаттар жергілікті халықтың өкілі болып саналғандықтан, тағайындалушы құқық қорғау органдары басшыларының халықтың алдындағы сенімінің, жауапкершілігінің артуына септігі тиеді әрі жергілікті мәслихаттың өкілеттігі артады деп санаймын.

Төртіншіден, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мәслихат сессиясының төрағасы депутаттардың арасынан сайланады және қызметін өз жұмысынан босатылмаған негізде жүзеге асырады.

Жергілікті мәслихаттарды жоғарғы заң шығарушы орган Парламент палаталарының төрағалары сияқты, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат төрағалары атқарса деген ұсынысым бар.

Бұл мәслихат сессияларының жүргізілу деңгейін, кәсібилігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

Сондай-ақ, депутаттар корпусын басқаруға да оң әсер етеді.

Жоғарыда аталған ұсыныстарымды қорытындылай келе, заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетулеріңізді сұраймын.

Құрметті депутаттар!

1994 жылғы 7 наурызда тұңғыш рет еліміздің жергілікті өкілді органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді.

Биыл мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Осы атаулы мерейтоймен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мерзім болғанымен, еліміз осы кезең ішінде талай белестерді бағындырды. Ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.

Бүгін біз еліміздің ауыз толтырып айтарлық жарқын жеңістерінде жергілікті өкілді органдардың қосқан үлесі зор деп нық сеніммен айта аламыз.

Мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толу мерейтойына орай «Түркістан облыстық мәслихаты: тарих белестері және жарқын жеңістер» атты кітап шығардық.

300 беттен тұратын, мемлекеттік, орыс, ағылшын тіліндегі тарихи кітап өкілді орган ретінде Түркістан облыстық мәслихатының Тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі жаңа кемел Қазақстанды қалыптастыру тарихындағы еңбегі мен рөлін, оның өңір экономикасын дамытудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы қомақты үлесін жұртшылыққа жария етіп, Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының жүріп өткен жолын, қайраткерлігі мен жасампаз еңбектерін кеңінен насихаттайды.

Аталған кітапқа біріншіден алтыншы шақырылымға дейінгі депутаттардың, облыстың дамуына орасан зор еңбек сіңірген Түркістан облысының Құрметті азаматтарының, тарихи тұлғаларының суреттері мен өмірбаяндары енгізілген.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Қадірлі әріптестер!

Осы мерейтойға орай шығарылған кітапты киелі Түркістан өңірінен сыйлық ретінде қабылдауларыңызды сұраймын.

Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет!