Атқарылған жұмыстары

Облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Мұсаханұлы Сүлейменов өзінің депутаттық қызметінде сайлауалды тұғырнамасында сайлаушыларына берген уәдесін орындауға барлық күш-жігерін жұмсап, олардың орындалуына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Осы уақыт ішінде облыстық мәслихаттың депутаты Қ.Сүлейменовтың бастамасымен көптеген іс-шаралар өткізілді. Соның бірі жақында облыс орталығында өткен  зілтемір көтеруден ел чемпионаты. Дүбірлі дода көркін қыздыруға еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық спортшы келді. Жарыс Шымкенттегі Жаңа технологиялар колледжінде ұйымдастырылды.

Пауэрлифтинг сайысының өтуіне ауыр атлетика спортының  жанашыры,  Қайрат Сүлейменов ұйытқы болды. Мұнда өзге додаларда қол жеткізілмеген рекордтық көрсеткіштер орындалды.

Жарыс алаңына 600 спортшы шықты. Олар еліміздің 14 облысының намысын қорғаған спортшылар. Ерлер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар,  жасөспірімдер және ардагерлер арасында жүлдені сарапқа салды.

Бес күнге жалғасқан жарыс қорытындысы бойынша Оңтүстіктің намысын қорғаған спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орын тұғырын бағындырды және сәуір айында Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына 12 лицензияны жеңіп алды. Бұл жарыста қыздар арасындағы абсолютті чемпион болып, оңтүстіктің тумасы Ксеня Хан танылды. Ерлер арасында ақтаулық Асқар Шоханов жеңімпаз атанды. Бәсі биік болғандарға жарыстың бас демеушісі, халық қалаулысы Қайрат Сүлейменовтің атынан 300 теңгенің сертификаты тапсырылды.

Ел сенімі ердің еселі еңбек етуіне серпін болады. Елбасының Өсім, реформалар, даму бағытындағы бағдарламасын қолдайтын кәсіпкер, Қайрат Мұсаханұлы — еңбекпен есейген азамат. Әкеден ерте айырылған ол жауапкершілік жүгін сезінген сәттен бастап, үйдегі бар шаруаны мойнына алды. Ептеген ісін кәсіпкерлікпен сабақтастырып, «Ұлы Орда»  серіктестігінің негізін қалады. Жанармай тапшылығы сезілген тұста 10 шақты бекет ашты. Ленгір қаласында қыш зауытының іргесін қалады. Оңтүстікте салынған әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге де мұрындық болып келеді.

Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі билік тарапына депутат арқылы жетеді. Осыны ескерген Қайрат Сүлейменов халық қалаулысы ретінде ел үшін еселі еңбек етіп келеді. Іскер азамат жалған жарнама, арзан абырой жинаудан аулақ.  Жастық күш-жігерін мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына сарп етпек ойда.

Әлеумет әлеуетіне бейжай қарай алмайтын азаматқа бүгінде ел ықыласы да ерекше.

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық. Қ.Сүлейменов  «Жерде бір сәби қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген  ұғымды жанына жалау етіп, мұқтаждарға қол ұшын созып жүрген азаматтардың бірі.

Таскен елдімекенінде тұратын көп балалы аналарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлікпен, материалдық көмек көрсетіп отырады.

 

Сондай-ақ, қаладағы «Теріскей» мөлтекауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің ауласындағы ойын алаңшаларын жөндеп, салып берді. Ойын аттракциондары мен ауланың сәулеті мен дизайны ересектерге де, балаларға да ұнады. Көріктендірілген аула, ыңғайластырылған орындықтар және ойын алаңшасы тұрғындардың көңілінен шығып отыр.

Жаңа тұрпаттағы ойын алаңшасы тұрғындарға ыңғайлы, жайлы әрі сапалы. Балалар үшін қажетті нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынды. Бала – болашағымыз. Бүгінгі ұрпақ — ел тұтқасын ұстар азамат. Олар үшін жасалған қамқорлық үшін жұрт дән разы. Игі іске бастамашы болған кәсіпкерге халық алғыс жаудырды.

Сонымен қатар, әеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету аясында, дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясының рөлі зор.  Жас  ұрпақты   ізгілікке  тәрбиелеу  — ата-ана   мен  ұстаздардың ғана емес, баршаның міндеті. Кәсіпкер қаладағы  Мағжан  Жұмабаев  атындағы  №39  жалпы  орта  мектептің  10  оқушысын   бастан аяқ киіндірді.

Осындай игілікті іс Көксәйектегі тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған медициналық – әлеуметтік мекемесінде және  №3 балалар үйінле жалғасын тапты.  Керек-жарағымен қамтамасыз етті. Бала көңілі шат. Дәмі тіл үйірер тәттілер, бастан аяқ жаңа киім, ас үйде де жаңарған ыдыс-аяқ.

Мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылатын спорттық шаралардың демеушісі болып, жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосуда. 8-сынып оқушылары арасында волейболдан, футболдан жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттар тапсырылды.

Шардарадағы Алатау батыр ауылында 900 орындық мектеп ел игілігіне берілді. Үш қабатты зәулім ғимарат «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еңсе тіктеді. Құрылысты «Ұлы Орда» ЖШС-і жүргізген. Сметалық құны 1 млрд. 90 млн. теңге болатын нысанды салуға жергілікті 200-ге тарта тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілді.